Сауд Арабиясы Корольдігі Газа секторын қалпына келтіруге 1 млрд. АҚШ долларын бөледі

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - 2009 жылдың қаңтар айында Куәйтте өткен Араб экономикалық саммитінде Сауд Арабиясы Корольдігі (САК) Газа секторын қайта қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд. доллар қаржы бөлетіндігін мәлімдеген болатын.

Осыған орай Израильдің Газа аумағына көрсеткен әскери қысымы кезінде Палестина тұрғындарына қажетті гуманитарлық көмек көрсету шаралары атқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшілігіне сілтеме жасап. Жалпы САК жыл сайын БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмектесу агенттігінің (UNRWA) бюджетіне 1,2 млн. АҚШ доллары көлемінде жарналық құн төлейді. Одан өзге осы агенттікке соңғы үш жылдан бері қосымша 2,4 млн. доллар бөліп келеді. Қарулы қақтығыстар кезінде САК жаралылар мен ауруларды тасымалдау үшін ұшақтар жіберді. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, күнделікті қажетті заттар тиелген 59 жүк көлігін және халықаралық ұйымдармен бірлесіп медициналық қызметтер көрсету үшін 30 жедел жәрдем көлігін Газа секторына жіберді. Осы аймақтың тұрғындарына қол ұшын беру мақсатымен САК азаматтары арасында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, ақшалай 233 миллион сауд риалы, 80 ауыр көлікке жүк боларлық заттай көмек жиналды. Сондай-ақ «Шекарасыз дәрігерлер» қоғамын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тұрғындарға денсаулық сақтау қызметтерін көрсету үшін 11,250 миллион сауд риалы көлемінде жәрдем берілді.