Отырыс барысында аталмыш құжатқа байланысты баяндама жасаған Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігі Үкіметінің арасындағы Астана қаласында Сауд Арабиясы Корольдігінің елшілігінің нысандарын салу үшін жер телімдерін беру туралы келісімге 2009 жылғы 4 ақпанда Астанада қол қойылған. Оған сәйкес, Қазақстан тарапы Сауд Арабиясына елордадағы Қарасаз көшесіндегі ауданы 1,8 гектар жер телімін 49 жылға уақытша өтеусіз береді. Өз кезегінде Сауд Арабиясы Корольдігі де тап осындай шарттармен Қазақстанға Эр-Рияд қаласындағы дипломатиялық кварталдан 1,2 гектар жер телімін береді. «Сауд Арабиясы еліміздің 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалығымыз барысындағы барлық бастамаларымызға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар талқыға ұсынылып отырған құжат екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі ілгерілеуіне өзіндік ықпал етеді», - деді Жауапты хатшы.
Осыған қарай отырыста заң жобасын жан-жақты талқылаған сенаторлар құжатты Сенаттың жалпы отырысының күн тәртібіне енгізу қажет деп шешті.