Бұл туралы Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өркениеттер арасындағы диалогты қалпына келтіруде тиімді рөл атқаратын бұл форумды жоғары бағалаймыз. Әлемдегі дағдарыс, апат және қақығыстар кезінде дін көшбасшыларының адамдардың өміріне әсері мен маңызы артып келеді», - деді Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх елордадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде.
Осы орайда ол қиындыққа тап болғандар ерекше қолдауға мұқтаж екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Сауд Арабиясының өкілі коронавирус дағдарысы мен оның салдары әлемге әлі де қауіп төндіріп тұрғанын жеткізді.
«Бұл дағдарыс кемедегінің жаны бір екенін көрсетті. Адамдар әлем елдері тап жаһандық проблемалар мен сын-қатерлерді ескере отырып, өзара диалогты сақтау үшін ынтымақтасуы керек. Атап айтқанда, кедейлік, азық-түлік тапшылы, індет және басқа да проблемаларға төтеп беру міндеті тұр», - деді Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейх.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дін көшбасшыларының адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесін атады.