Сауд Арабиясы наурызда мұнай өнімділігін тәулігіне рекордтық 10,3 млн баррельге дейін жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясында наурызда мұнай өнімділігінің деңгейі тәулігіне шамамен 10,3 млн баррельге дейін жетті. Бұл ел тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Осыған дейінгі рекорд 2013 жылдың тамызында орнатылған. Ол кезде орташа алғанда тәулігіне 10,2 млн баррель өндірілді, деп Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап ТАСС хабарлады.

Оның ақпаратынша, бұл мәліметтерді сейсенбі күні Эр-Риядта Сауд Арабиясының мұнай және минералды ресурстар министрі Али бен Ибрагим ан-Нуайми айтты. Алайда ол наурыз айында «қара алтынның» өндірісін өсіру негіздемесін (себебін) айтпады.

Bloomberg бірнеше апта бұрын ғана министр тәулігіне шамамен 10 млн баррель деңгейін ұстап тұруға уәде бергенін еске салды. 10 наурызда үкімет бағдарламасымен таныстырған король Сальман ибн Абдель Азиз Аль Сауд «қара алтынның» бағасының құлдырауына қарамастан мұнай және газ кен ошақтарын құру бойынша жұмыстарды жалғастыратынын айтқан.