деп хабарлайды Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан қажыларының көбісі араб тілін жетік білмеуі салдарынан қасиетті Меккедегі Алланың Үйі болып саналатын Кағбаны жеті рет айналып жүргенде, Харам бас мешітіндегі Сафа мен Маруа төбешіктері арасында жеті рет жылдам жүргенде, Арафат тауында мінажат еткенде оқылатын дұғаларды айтудан қиналып жатады. Осы олқылықтарды жою мақсатында және қажылардың өз парыздарын дұрыс орындауға жәрдем беру үшін Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының демеуімен «Қажылық» атты кітапты қазақ және орыс тілдерінде басып шығарды.
Сонымен қатар бұл анықтама кітап арқылы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істері жөніндегі министрлігі арасындағы Қажылықты ұйымдастыру және өткізу туралы келісім шартпен танысуға болады. Онда Қазақстан қажыларының Сауд Арабиясына сапарларын ұйымдастыратын туристік компанияларға жүктелген жауапкершіліктер мен міндеттер атап көрсетілген.
Мекке мен Мединедегі қасиетті жерлердің түрлі-түсті суреттерімен безендірілген «Қажылық» атты кітап көпшілік қауымға арналған. «Көкжиек» баспасында 10 мың таралыммен жарыққа шыққан бұл кітаптар қазақстандық қажыларға және еліміздегі екі мыңнан астам мешіттерге тегін таратылады.