Сауд Арабиясында күйеу жігіт қалыңмалды бір риалмен өтеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясында автомобиль апатына түсіп, болашақ жарымен некелесуге апара жатқан бар дүниесінен айрылып қалған күйеу жігіт қалыңдығының қалыңмалын небәрі бір риалмен өтеген, - деп хабарлайды ИТАР-ТАСС жергілікті БАҚ таратқан ақпараттарға сүйеніп.

Мұнайлы өлке Сауд Арабиясында үйлену үшін жұмсалатын шығындарды - берілетін қалыңмал, алтын әшекейлер сатып алуды әр жастың қалтасы көтере бермейді. Ал, осы елдің бір тұрғыны болашақ жарымен некеге отыру үшін бара жатқанында жол-көлік оқиғасына тап болған. Осы сәтті оңтайлы пайдаланған қаскүнемдер оның қалыңмал ретінде апара жатқан бар дүние-мүлкін тонап кеткен. Басынан өткерген келеңсіз оқиғадан есеңгіреп қалған жігіт сүйгенінің үйіне жеткен соң, некелесу рәсімін кейінге қалдыруды сұрайды. Алайда, болған жайттан хабардар болған қайын атасы тойдың шегерілуіне қарсылық білдіріп, болашақ күйеу баласынан қалыңдықтың өтеуі ретінде небәрі бір ғана риал сұраған.

Оқиға елдегі жастардың арасында оң пікір туғызды. «Қоғамымызда некелесу рәсімі кезінде орын алатын қаржылық мәселелерді жеңілдету қажет. Бұл жастардың отбасын құруын оңайлатады, сөйтіп әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді», - деп жазады саудтық блоггер Абу Сауд болған жайтты ғаламторда талқылау кезінде.