Сауд Арабиясында мигранттарға қарсы рейдтер жарияланды

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Дүйсенбіден бастап Сауд Арабиясында жұмыс істеуге рұқсатнаманы рәсімдемеген мигранттар мен оларды жалдаушыларға айыппұл салу шаралары басталды.

Сауд Арабиясына табыс жасауға келген шетелдіктерге 3 қарашаға дейін құжаттарды рәсімдеу немесе елден кету мүмкіндігі ұсынылған болатын.

Аталған шара шетелдік жұмысшылардан тәуелділікті қысқартуға және жұмыс орындарын өздерінің жастарына ұсынуға негізделген бағдарлама аясында қабылданып отыр.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, рұқсат қағаздарын рәсімдеудегі кідірістер бойынша көптеген шағымдарға қарамастан, билік тарапы полицейлердің тексеруерінің басталуы жайында мәлімдеді. Заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары енді түрмеге тоғытылады және оларға айыппұл салынады.

Сауд Арабиясында сегіз миллионға жуық шетелдіктер жұмыс істейді. Миллионға жуық адам жұмысқа тұрудың жаңа ережелері енгізілгеннен кейін елден шығып кеткен көрінеді.

БҰҰ-ның қыркүйектегі баяндамасына қарағанда, Сауд Арабиясы мигранттар саны бойынша әлемде төртінші (Азия елдері арасында бірінші) орында екен.