Сауд Арабиясында тұратын этникалық қазақтар Қазақстанға оралуға ниет білдірген

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сауд Арабиясында тұратын этникалық қазақтар Қазақстанға оралуға ниет білдірген.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында депуаттар тарапынан Қытайдан, Өзбекстаннан келетін этникалық қандастарымыздың, оның ішіне жастардың басқа әліпбиде білім алғандықтан ортаға сіңісуі қиын болатыны туралы мәселе көтерілген болатын.

Осыған орай, сауалға жауап бере келе Комитет төрағасы Қабылсаят Әбішев әсіресе Қытай елінен келетін оралмандар үшін біршама қиындықтар туатынын да мойындады. Оның айтуынша, Қытай, Иран, Ауғаныстаннан келетін қандастарымыз басқа қаріптерді білмейді, тек араб қарпімен ғана білім алғандар.

«Жалпы бұл мәселе бойынша шындығында да проблемалар баршылық. Дегенмен, оларды бейімдеу шарасын жетілдіре түскенге келісемін. Мәселен, мен өз бастамаммен Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бейімдеу орталықтарына араб қарпімен маңдайшадағы жазуларды қатар жазып қою мәселесін көтерген болатынмын. Бірақ, бұл заңға қайшы болып шықты. Жалпы, бейімдеу орталықтарында оралмандарды тегін оқытып, ортаға кіріктіру шараларын жүзеге асырып жатырмыз», деді Қ. Әбішев.

Сонымен бірге, Комитет төрағасы жақында Сауд Арабиясында тұратын этникалық қазақтардың Қазақстанға келуге ниет білдіргендерін, оларды көшіріп әкелу жұмыстары да басталғанын атап өтті. «Біз күтіп отырған бұл қандастарымыз қазақтың тілін мүлдем білмейді екен. Олар өзбекше сөйлей алады, бұрынғы Ауғаныстан қазақтары көрінеді. Арабияның Жидда, Мекке қалаларында 25-30 жылдай тұрып келе жатыр екен, Қазақстанына оралуға ниет етіпті. Бұларды да өз ортамызға сіңістіру маңызды міндетіміз болмақ», деді Қ. Әбішев.