Сауд Арабиясының бапкері Аргентинамен матч алдында командаға қандай кеңес бергенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауд Арабиясының құрамасы Катардағы әлем чемпионатының топтық кезеңінің 1-турында Аргентинаны 2:1 есебімен жеңді. Сауд Арабиясы ұлттық құрамасының бас бапкері Эрве Ренар осы матч туралы пкір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

«Бізге осы матчты күтіп отырған 35 миллион ел тұрғыны туралы ойлауымыз керек болды. Мен ойыншыларға Сауд Арабиясы бүгін бәрін тоқтатып, осы матчты тағатсыздана күтіп отырғанын айттым. Стадиондағы жанкүйерлеріміздің саны өте көп болды, мен ендігі кездесулерде олар одан да көп болады деп үміттенемін.

Аргентина – Америка кубогының жеңімпазы, соңғы 36 матчта жеңіліп көрмеген құрама. Дегенмен мұндай командамен «кішкентай» команда ойнағанда не болатынын білесіздер. Біз – Қатардың көршіміз», - деді Ренар.

Еске сала кетейік, Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының С тобында сынға түсетін Аргентина құрамасы алғашқы ойында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалды.

Ойынның алғашқы минутынан аргентиналық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысқан еді. Ойынның 10-минутында аргентиналық Лионель Месси пенальтиден есеп ашты. Ал екінші кезеңде Сауд Арабиясы құрамасы белсенділік танытып, 48-минутта Салех Аль-Шехри таразы басын теңестірсе, Салем Аль-Давсари 53-минутта өз құрамасын алға шығарды.

Осылайша, Сауд Арабиясы Аргентинадан 2:1 есебімен басым түсті.

Осы жеңістің құрметіне Сауд Арабиясында сәрсенбі демалыс күні болып жарияланды.

Фото: championat.com