Сауд Арабиясының Мина жазығында кептеліс салдарынан қажылыққа барған 220-дан астам адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясының Мина жазығында кептеліс салдарынан қажылыққа барған 220-дан астам адам қаза тауып, 450-ден астам адам зардап шекті. Бұл туралы корольдіктің азаматтық қорғаныс қызметіне сілтеме жасап ТАСС хабарлап отыр.

Мәліметтерге сәйкес, мерекелік намазға жүздеген мың қажы жиналған Мина жазығында кептеліс кезінде 220 адам қаза тапқан. Жүздеген адам жарақат алғаны атап өтіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша, кем дегенде төрт жүздей адам жарақаттанған болуы мүмкін.

Мина жазығында қаза тапқандар мен жарақаттанғандар қай ұлт өкілдері екендігі туралы ақпарат жоқ.

Таңертең мұсылмандар үшін киелі қала Меккеден бірнеше шақырым жерде орналасқан Мина жазығында мұсылмандардың Ид әл-Адха - Құрбан айт мерекесінің құрметіне оқылған намазға көптеген елдерден келген жүздеген мың қажы жиналды.

Айта кетейік, Құрбан айттың бірінші күні (зилхижжаның 10-ыншы күні) қажылық парызын өтеушілер Минада шатырларға орналасқаннан кейін шайтанға тас лақтыру үшін үлкен шайтанға (Ақаба жәмрасына) барады. Құрбан айттың бірінші күні үлкен шайтан тасқа (Ақаба жәмрасына) жеті тас лақтырылады. Кептеліс осы кезде орын алған тәрізді.