Сауд Арабстаны қажылық кезінде тұмау індетінің алдын алу үшін қатаң шаралар енгізді

АСТАНА.  Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат -  Сауд  Арабстаны қажылық   кезінде  A/H1N1/  жаңа тұмауының алдын  алу  үшін қатаң   шаралар    қабылдауда,

деп хабарлайды    ИТАР-ТАСС агенттігі.   Бұл туралы     дүйсенбі күні  Корольдіктің     өкіметі      қарашаның 25-інде    ресми  басталатын  Мекке мен  Мәдинеге  қажылықтың    қарсаңында мәлім етті.

Атап  айтқанда, әрбір мінәжат етуші  елге келген соң     дене қызуын  анықтайтын   аппарат     арқылы   тексеруден  өтуі керек.    Дене қызуы  Цельсий  бағамы  бойынша 38 градустан  жоғары  болғандар  қажылыққа   жіберілмейді.  Саудияның  барлық айлақтары, бірінші кезекте,   қажылыққа  келушілердің  ең  үлкен терминалы   орналасқан  Жідда әуежайы      осындай  қызу  анықтайтын аппараттармен        жарақталып  отыр.

Оған қоса, Саудия барлық мұсылмандар үшін  квотаны шектеп  отыр.    Және      қарияларға,  созылмалы  науқастары  бар   адамдарға,  аяғы  ауыр  әйелдер мен балаларға  биылғы қажылыққа қатыспауға кеңес берілуде.  Елге келушілердің барлығының  қолында   тұмауға қарсы егілгендері  туралы анықтама қағаздары  болуы керек.