Сауда министрі қызмет көрсету бағытында қай салалар ілгерілейтінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде қызмет көрсету саласы жалпы ішкі өнімнің негізгі бөлігін алып отырғанын айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Қазіргі кезде қызмет көрсету саласы әлемдік экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл ретте қызмет көрсету секторының өсу қарқыны алғаш рет тауар өндіру секторының көрсеткішінен асып түсті. Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, қызмет көрсету саласы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 60%-ын құрады, бұл шамамен 92,2 трлн теңгеге тең, - деді А. Шаққалиев Құрылтайда тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бүгінде қызметтер экспорты бойынша шамамен 8%-ға өсіп келе жатқан IT секторында оңтайлы өзгеріс бар. Сонымен қатар, қазір электронды сауда бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 15%-ын құрады.

- Мұның бәрі Қазақстанның әлемдік үрдісті ұстанып отырғанын, яғни бұл үрдістің біздің экономикамызда айқын қалыптасқанын көрсетеді. Қызмет көрсету саласы біздің жалпы ішкі өнімде де елеулі бөлігін құрады. Сондықтан көлік, IT және құрылыс қызметтері өсімнің негізгі драйвері болатынына сенімдімін. Әрине, сауда — көтерме және бөлшек сауда да ілгерілейді, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «1994 жылғы ДСҰ-ны құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.