Сауда министрі санкцияға іліккен екі компанияға қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Санкция тізіміне іліккен екі қазақстандық компания өз жұмысын еліміздің аумағында жалғастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.
- Kazstanex және «Металлстан» атты екі компания металл өңдеу саласында жабдықтарды жеткізумен айналысқан. Бұл компаниялар осы қызметпен бұрындары да айналысқан. Өкілетті органдардың ақпаратына қарағанда, олар қазір сыртқы саудаға қатысып жатқан жоқ. Яғни ел ішінде ғана жұмыс істеп отыр. Алғаш рет АҚШ пен Канада тізіміне енгеннен кейін, сол кезден бастап қызмет бағытын өзгертті. Атап айтқанда, аталған тізімдер мен өнім атауы тек 2024 жылы пайда болды, ал осы компаниялардың жұмысы ертеректе басталған, - деді А.Шаққалиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін БАҚ-та Ресейге қарсы санциялар аясында екі компания ЕО тізіміне енгені хабарланды.
Еске салсақ, Қазақстан қаржы секторының қайталама санкцияларға түспеуі үшін тиісті шешім қабылдады. Атап айтқанда, еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ресейге қатысты санкция талаптарын орындау бағытында тиісті рәсімдерді күшейтті.