Сауда министрлігі: Қазақстан-Ресей сауда-саттығындағы теріс сальдо кеміді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интегарция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықтың теріс сальдосы кеміп келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20-21 сәуірде мен Мәскеуде боламын. Еуразиялық экономикалық комиссия отырысы өтеді. Ол жерде күн тәртібіндегі мәселелер қаралады. Ресей – біздің жетекші серіктестеріміздің бірі. Былтыр екі арадағы сауда айналымы 26,1 млрд доллар болды. Оның ішінде Қазақстанның экспорты – 8,8 млрд доллар. Ресеймен сауда-саттықта теріс сальдо бар. Бірақ, былтыр оның көлемі 2 млрд долларға кеміді», - деді ол Үкімет кулуарында.

Сондай-ақ, министр ведомство Ресейден ағылуы ықтимал арзан астыққа тоқсауыл қоятынын айтты.

«Білесіздер, бізде астықпен проблема болған. Қазір көлікпен тасымалданатын ресейлік арзан астықтың импортына белгілі бір мезрімде тосқауыл қоюға қамданып жатырмыз. Сол арқылы отандық өндірушілерді қолдаймыз. Мұның бәрі – күнделікті жұмыстар», - деді Серік Жұманғарин.