Сауда министрлігі СТ-KZ сертификаттарын беруге төлемақыны алып тастауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауда және интеграция министрлігі тауарлардың шығарылған елін айқындау жөніндегі ережеге өзгерістер әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, аталған ережелер отандық тауар өндірушілердің сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін СТ-KZ сертификатын алу рәсімдері мен талаптарын реттейді.

Бұйрықтың тиісті жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Ұсынылатын негізгі өзгерістер:

Сертификаттар өтеусіз негізде берілетіні тікелей бекітілсін (қазіргі уақытта сертификат бергені үшін «Атамекен» ҰКП Өңірлік кәсіпкерлер палаталары жалпы жағдайда 4 АЕК мөлшерінде ақы алады);

ТМД елдерінің шикізаты мен материалдары енді қазақстандыққа теңестірілмейді («үшінші елдердің тауарлары» термині «шетелдік тауарлар» терминімен ауыстырылады. Қазіргі уақытта ТМД елдерінен келетін тауарлар шетелдік болып саналмайды, тиісінше ТМД елдерінде өндірілген материалдар мен жиынтықтауыштар оларды тауарлар өндірісінде пайдалану кезінде іс жүзінде қазақстандықтарға теңестіріледі, яғни өзгерістер технологиялық операцияларды орындау жөніндегі талапты одан әрі айналып өтуге мүмкіндік бермейді);

СТ-KZ беру алдында тауар өндірісін міндетті фото және бейнетіркеу бойынша талап енгізіледі;

Сертификаттардың күшін жою уәкілетті органның шешімінен кейін ғана жүзеге асырылатын болады (қазіргі уақытта сертификаттар өтініш берушінің бастамасы бойынша жойылады, бұл мемлекеттік бақылау шараларын уақтылы қабылдауға және заңсыз бергені үшін жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді);

Тауарлар қауіпсіздігінің міндетті талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды (сертификаттарды немесе декларацияларды) және басқа да ұсыныстарды ұсыну туралы талап енгізіледі.

Қоғамдық талқылау осы жылдың 28 тамызына дейін жалғасады.