Сауда нүктелерінде балалардың денсаулығына қауіпті ойыншықтар анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің бірқатар өңіріндегі сауда орындарынан балалардың денсаулығына қауіпті ойыншықтар анықталды. Бұл жайында Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство ақпаратына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы сауда нүктелерінен сатып алынған «Фея парк» қуыршағы, «My Little Horse» Fantastic toys ойыншығы, «LOL superise Castle park» қуыршағы құрамындағы фенол мен метил спиртінің рұқсат етілген мөлшері екі есе, тіпті одан да жоғары мөлшерде болған. Сонымен қатар, ойыншытардың таңбалануында сәйкессіздіктер бар. Мұнан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Зырян, Риддер қалаларында, Петропавлда, Таразда, Қостанайда, Талдықорғанда саудаланған балалар тауарларының арнайы таңбалары жоқ. Қытайда шығарылған «Sofia the first» қуыршағы, «Robocar Poli», «Hermit crab» ойыншықтары, «Мини тобот» автомобиль трансформері, Барби қуыршағы, пони, бильярд, автомобиль трансформерлері, тікұшақ, балалар сылдырмағы, машиналар, «LOL» қуыршағы сынды ойыншықтар мүлдем таңбаланбаған.

«Комитет азаматтардан балалар ойыншық сатып алу барысында тауардың таңбалануына жіті назар аударуды табанды түрде өтінеді. Себебі тұтынушылар білуі тиіс шығарушы және материал құрамы, өнім неден жасалғаны, жас шектеуі туралы ақпараттар орамасында көрсетіледі. Сатушылардан тауардың қауіпсіздігін дәлелдейтін сәйкестік сертификатын сұрауға кеңес береміз. Себебі 2018 жылдың тамызынан Қазақстан аумағына сәйкестігін бағалау туралы құжаты жоқ ойыншықтарды әкелуге тыйым салынған», - деп атап өтеді комитеттен.

Сонымен қатар, ведомство жоғарыда аталған қауіпті ойыншықтарды сауда нүктелерінен алып тастау, сатушыларға әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өткен.