Сауда саласындағы кәсіпорындар мен олардың кәсіподағы Сауда комитетін министрлік не агенттік етіп қайта құруды ұсынды

АЛМАТЫ. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Сауда саясатын Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрлігі жасағанмен кәсіпкерлердің мәселелерін шешу құзыреті Аймақтық даму министрлігіне берілуі сауда саласындағы ахуалды кешенді түрде жүргізуге кедергі болуда.

Бұл туралы Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы мен Сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар кәсіподағыбасшылары бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Экономикалық даму және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қарамағындағы Сауда комитетін Сауда министрлігі немесе Сауда агенттігі етіп қайта құруды ұсынамыз. Комитет мүмкіндіктері сарқылды. Енді оның өкілеттігін АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ пен Кеден одағындағы сияқты кеңейту қажет», - дейді Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішев. Оның айтуынша, қазіргі таңда жергілікті атқару органдарының басым бөлігінде сауда саласына жетекшілік ететін бөлімдер жоқ. Аймақтарда адам ресурстарын белсенді пайдалану жөнінде салалық бағдарламалар жасалмаған. Сондықтан сауда саласын индустриялық-инновациялық технологияның маңызды бағыттарының тізіміне және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына енгізу қажет.