Сауда тарифін төмендету үшін Оңтүстік Корея АҚШ-қа 350 млрд доллар төлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея АҚШ-тан мұнай мен газ сатып алу жөніндегі келісімге келді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп өз әлеуметтік желісі Truth Social парақшасында жазды.
АҚШ басшысы өзінің жазбасында Оңтүстік Кореяның АҚШ-қа сауда тарифін төмендету үшін 350 млрд доллар төлеуге келісім жасағанын айтты.
«Сонымен қатар олар біздің мұнай мен газымызды ірі көлемде сатып алуға келісті, ал бай Оңтүстік Корея компаниялары мен бизнесмендерінің біздің елге салатын инвестициясы 600 миллиард доллардан асады.
Біздің қазіргі әскери одақ бұрынғыдан да күшті және осы негізде мен оларға қазіргі қолданыстағы ескірген дизельдік сүңгуір кемелерінің орнына атомдық сүңгуір қайық салуға рұқсат бердім», деді Дональд Трамп.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён АҚШ президенті Дональд Трамптан атомдық сүңгуір кемелерге арналған жанармай алуға рұқсат беруін сұрап, елдің әскери әлеуетін арттыру үшін қорғаныс бюджетін ұлғайтуға уәде берген еді.
Бұған дейін Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония үшжақты әскери жаттығуды бастағанын жазғанбыз.