Сауда вице-министрі: Ресей бізге тиесілі нарықтарды жаулай бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы экспорт әлеуетіне арналған дөңгелек үстел өтіп жатыр. Жиында Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова Ресей екі арадағы келісімдерді сақтай бермейтінін айтты.
— Қазақстан етіне деген көрші елдердің сұранысы жоғары екенін көріп отырмыз. Мысалы, Орталық Азияда халық санының өсуіне байланысты сұраныс сиыр етіне 21 пайыз, құтыдағы суға 24 пайыз, өсімдік майына 32 пайыз, қантқа 6,4 есе, картопқа 58 пайыз артқан. Сондай-ақ, Ауғанстанға экспорт көлемін ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар, — деген вице-министр Қытай нарығының әлеуетін әлі де игере түсу керектігіне тоқталды.
Оның сөзінше, Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы экспорттық әлеуетін толық іске асыруда кейбір мәселелер бар.
— Әрине, жоғарыда айтылған мүмкіндіктермен бірге қатерлер де бар. Негізгі қатер саладағы ірі экспорттаушы елдерден қысым байқалып отыр. Мысалы, Ресей Федерациясы санкция шектеулеріне байланысты Қазақстанға тиесілі болып есептелген нарықтарға көбірек шығып жатыр. Бұл тұста, әрине, бізге бәсекелесу керек. Бірақ, ауыл шаруашылығы тауарының басты ерекшелігі ветеринария, фитосанитария сияқты бағыттардағы келісімдер екіжақтың мақұлдауы бойынша қабылданатынында. Әйтпесе қолда бар келісімдер сөз жүзінде өз тауарларымызды көздеген нарықтарымызға жеткізуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Аталған жиында Қазақстанның Қытайға экспорттайтын ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі артатыны айтылды.