Сауданы дамытып, логистиканы кеңейту: ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысы шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы аяқталды.
Кеңесті ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин мен ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қорытындылады.
— Алдағы айларға министрлік іс-шараларының тұтас сериясы жоспарланған, бұл осы жыл Достастық қызметінің барлық саласында жоғары іскерлік белсенділік кезеңі болатынын айқын көрсетеді, — деді Сирожиддин Мухриддин .
Ол кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланғанын, сонымен қатар бірқатар проблемативті тақырып бойынша қатысушы елдердің пікірі мен көзқарастары бірдей екенін атап өтті.
Саяси диалогты одан әрі нығайту, қауіп-қатерлерге қарсы тұру, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, Достастық мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
— Келіссөздер барысында тәжік тарапы аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы гуманитарлық және мәдени байланыстарды тереңдетуге баса назар аудара отырып, осы жылы ТМД елдерінде атқарылатын басым бағыттарын белгіледі, — деді Тәжікстан СІМ басшысы.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекет басшыларына ұсыныстар жолдау туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Министрлер кеңесі ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2026-2030 жылдарға арналған шекаралық және сыртқы шекаралық қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қолдады.
Сондай-ақ отырыста ТМД-да Волонтерлер форумын өткізу жөніндегі іс-шаралар талқыланды.
Осы тұста Сергей Лебедев Қазақстан Президентінің ТМД волонтерлер форумын өткізу туралы бастамасын атап өтті.
— Бұл бастама жоғары деңгейде қолдау табатынына сенімдімін, кем дегенде, бұл үшін барлық алғышарттар бар, — деп қосты ол.
ТМД институционалдық тетіктері тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдерінің Кеңесі туралы ереже, ТМД қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесін құру және жұмыс істеу қағидаттары туралы ереже, сондай-ақ азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамалар бар.
ТМД Бас хатшысы қазақстандық тарапқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, күзде ТМД елдері СІМ кеңесінің келесі отырысы Душанбеде өтеді.