10:37, 19 Наурыз 2009
«Сауди Арамко» корпорациясының президенті «Самұрық-Қазына» қоры бастаған қазақстандық компаниялармен ынтымақтастыққа мүдделілік білдірді
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сауд Арабстанындағы Елшісі Қайрат Лама Шариф мұнай өндіруші «Сауда Арамко» корпорациясының президенті Халед әл-Фалехпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосына сілтеме жасап. Компанияның бас кеңсесі орналасқан Дахранда өткен кездесу барысында «Сауди Арамко» басшысы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бастаған қазақстандық компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді. Тараптар екі елдің мұнай өндіруші компаниялары арасында серіктестік қатынастар орнатудың жолдары туралы пікірлер алмасты. Атап айтқанда, «Сауди Арамко» компаниясының басшысы Саудия тарабы атсалыса алатын үлкен битум зауытының құрылысы мен үш мұнай өңдеуші зауытты жаңарту жөніндегі Қазақстанның жоспарларымен танысты. Осыған байланысты Елші Қ.Лама Шариф Халед әл-Фалех мырзаны еліміздегі ұлттық мұнай өнеркәсібінің дамуымен танысу және екіжақты ынтымақтастықтың келешегін анықтау мақсатында ағымдағы жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. «Сауди Арамко» корпорациясы бизнес құны (781 миллиард АҚШ доллары) мен мұнай өндіру көлемі бойынша әлемдегі ірі мұнай алпауыттарының бірі болып табылады. Корпорация Саудиядағы «қара алтынның» 260 миллиард баррельге жуық қоры бар мұнай кеніштерін (Саудиядағы қордың 99 пайызын) игерумен айналысады, бұл әлемдегі барланған мұнай қорының ширек бөлігі.