Саудиялық инженер тақ мұрагерінің қимылын эмодзи ретінде ұсынды

Фото: Фото: x.com / @almatrafi_dev

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының инженері Әли әл-Матрафи тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның АҚШ президенті Дональд Трампқа жасаған қимылынан шабыт алып, жаңа эмодзи әзірледі, деп жазады The National.

Аталған қимыл араб интернет кеңістігінде жаппай таралды. Ол Трамптың Сауд Арабиясына ресми сапары кезінде Эр-Риядтағы инвестициялық форумда Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын жариялаған сәтте түсірілген болатын.

Көпшілік қол шапалақтаған кезде Мұхаммед бин Салман күлген күйі екі қолын кеудесіне қойып, араб мәдениетіне тән шынайы алғыс білдіру белгісін жасады.

Әл-Матрафидің X желісіндегі жазбасы 3,6 миллионнан астам қаралым жинап, жүздеген рет бөлісілген. Бұл оның ең танымал жұмыстарының бірі болды. Ол қазіргі таңда киберқауіпсіздік саласына мамандар дайындайтын Тувайк академиясында оқу бағдарламаларын әзірлеу бағытын басқарады.

Инженердің айтуынша, бұл бастама бір ғана эмодзимен шектелмейді — ол Сауд Арабиясының мәдени бейнесін жаһандық цифрлық кеңістікте көрсетуге бағытталған.

Ол әлеуметтік желілерде Unicode стандарттарында араб немесе саудиялық мәдениетті көрсететін эмодзилердің (шемаг, шыныаяқ, ұлттық тағамдар және т.б.) жоқ екенін атап өтті.

— Басқа мәдениеттер эмодзи түрінде таныстырылған: кимоно, сари, багет немесе бостандық мүсіні бар. Ал біздің мәдениет әлі де көлеңкеде қалып отыр, — деп жазды ол.

Инженер оқырмандарды бұл бастаманы қолдауға, сондай-ақ өздерінің эмодзи идеяларын ұсынуға шақырды.

Осыдан бұрын АҚШ пен Сауд Арабиясы қорғаныс саласында 142 млрд долларлық келісімге қол қойғаны хабарланды.