Сәуір айында Алматы абақтысынан қашқан бесеудің соңғысы ұсталды

АСТАНА.  Қарашаның  9-ы.  ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ -  Ағымдағы  жылдың   сәуір  айында  Алматы   тергеу  абақтысынан   қашқан      бесеудің  соңғысы   өткен демалыс   күндері  ұсталды,

деп    хабарлайды   Әділет  министрлігінің  Қылмыстық-атқару   жүйесі   комитетінің баспасөз   қызметінен.

Естеріңізге  сала кетейік, ағымдағы  жылы    сәуірдің   22-сінде  Алматы      тергеу абақтысынан   5  адам    қашып  кеткен   болатын. Бұрын  сотталмаған 19 бен  31 жастың аралығындағы    олар    кісі тонау,   ұрлық-қарлық  және   есірткі  тарату  қылмыстары  үшін    тергеліп  жатқан.  Жедел  іздестіру  шараларының арқасында, келесі   күні   Алматы  облысы Еңбекшіқазақ  ауданындағы   Қазақстан  ауылының  шетінде         әлгілердің  үшеуі  ұсталды, төрт  сағаттан кейін -  Іле ауданының   Боралдай   ауылында  төртінші  қашқын      ұсталды.   Бесінші     қашқын   сол жолы   құтылып  кеткен  еді. 

Содан  бері іздеуде жүрген   ол    өткен  аптада  ұсталды.     Қылмыстық-атқару  жүйесінің  қызметкерлері    Алматы   Ішкі істер  департаменті  қылмыстық полициясындағы  әріптестерімен бірлесіп,   қылмыскерді   Алматы  облысының Қарасай   ауданында    қолға түсірді.