Сәуір айында еліміздегі күнкөрістің ең төменгі деңгейі 19 038 теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы сәуірде күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 19 038 теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2015 жылғы сәуірде өткен аймен салыстырғанда 0,1 пайызға, 2014 жылғы сәуірмен - 4,1 пайызға өсті.

«Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 21,9 пайыз, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқаны - 17 пайыз, жемістер мен көкөністерді - 11,1 пайыз, нан және жарма өнімдерін - 8 пайыз, қант, шай және дәмдеуіштерді - 2 пайызды құрады», - делінген баспасөз баянында.