Сәуір айында халықтың орташа ақшалай табыстары 49 мың 450 теңгені құрады - Статистика

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - 2012 жылғы сәуірде халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 49 мың 450 теңгені құрап, 2011 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 13,8 пайызға артты.

Ал нақты ақшалай табыстар 8,6 пайызға өсті. Бұл туралы Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылғы сәуірде орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау, Алматы қаласы және Маңғыстау облыстары алдыңғы қатарда, мұнда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2,4 -1,7 есеге артық. 2012 жылғы сәуірде табыстары ең төмен өңірлер қатарында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары белгіленді, осы өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден 60,5 пайыз және 77,5 пайызды құрады. Сонымен қатар, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Маңғыстау және Қостанай облыстарында белгіленді.

2012 жылғы сәуірде өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 3,9 есені құрады. Бұл 2011 жылғы сәуірге қарағанда  3,8 есе көп.