Сәуірде бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 105 289 теңгені құрады - Статистика агенттігі

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - 2013 жылғы сәуірдегі бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 105 289 теңгені құрады.

Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

«Атаулы жалақы индексі 2012 жылғы сәуірге 107,9 пайызды, ал нақты жалақы индексі 101,4 пайызды құрады. Салалық құрылымда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда бегіленді - 210,1 мың теңгеге (орташа республикалық деңгейден 2 есеге асады), қаржы және сақтандыру қызметінде - 199,7 мың теңге және кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 198,9 мың теңге көлемінде (1,9 есе) белгіленді»,-делінген агенттік мәліметінде. Сонымен қатар ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде белгіленді - 48,0 мың теңге, бұл ел бойынша орта көрсеткіштен 54,4 пайызға төмен.

Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында байқалды - 190,0 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,8 есеге асады. Солтүстік Қазақстан облысында мұның шамасы 70,1 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 33,4 пайызға төмен.