Сәуірде «Самұрық-Қазына» қорында жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының барлық компаниялары мен ұйымдарында жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Астана қалалық департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінің бірінші отырысында аталған департамент басшысының орынбасары Бауыржан Жаубасов мәлім етті.

«Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заңда Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сараптама жүргізу құзіреті берілген. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес мұндай сараптама «Самұрық-Қазына» қорының барлық компанияларына, ұйымдарына, оның ішінде өңірлердегі бөлімдеріне де жүргізіледі. Дегенмен, олардың басым бөлігі Астанада шоғырланған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жемқорлық қаупіне қатысты сараптама жүргізудегі басты мақсат ұйымның нормативтік-құқықтық қызметіне сараптама жасай отырып, қандай да бір жемқорлық тәуекелдерге жол ашатын проблемаларды анықтау және оларды жою болып отыр.

«Осы мақсаттарға орай, жемқорлық қаупіне қатысты сараптама жүргізілетін болады. Ол осы жылдың сәуір айында өткізіледі. Қазіргі уақытта мұндай тексеру жүргізілетін қалған ұлттық компаниялардың тізімін анықтау жұмыстары жүргізілуде», - деді Б.Жаубасов.

Айта кетерлігі, кеңес отырысында «ЖерҒӨО» РМК-ның Астана қалалық филиалы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелері қаралып, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер департаментінің Астана қалалық басқармасы басшысының орынбасары А.Дүйсеновтің тәртіптік ісі қаралды.