19:18, 07 Сәуір 2009
Сәуірдің 18-інде Астанада жалпы қалалық сенбілік өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы сәуірдің 18-і күні Астанада «Біз – таза қала үшін» ұранымен жалпы қалалық сенбілік өтеді.
Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде Су басуларды өткізуді ұйымдастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Астана әкімінің орынбасары Василий Крылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. В.Крыловтың атап көрсеткеніндей, елорда басшысы қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша бекіткен экологиялық айлықтың іс-шаралар жоспарына сәйкес, сәуірдің 18-і күні «Біз ? таза қала үшін» ұранымен жалпы қалалық сенбілік өтеді. Ал сәуірдің 11-і мен 25-і күндері рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс үйінділерін қала сыртына шығару, құрылыс нысандарының, мектептер, медициналық және басқа да меморгандардың алаңдарын, сондай-ақ гүл бақтары мен саябақтарды, қалаға кіреберіс автожолдарды қоқыстан тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. 2009 жылы 599 қоқыс тастау алаңын жасау және 1224 қоқыс жәшігі мен 1100 қоқыс салатын сауыт сатып алу жоспарланған. Қазір қаладағы 50-ден астам нысанға көмескі жарық түсіру шамдары ілініп, 23 су бұрқаққа жөндеу-тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы 100-ге жуық аула абаттандырылатын болады. Астана қаласының Гидрометеорологиялық мониторингі орталығының мәліметтеріне сәйкес, осы қыста ылғал өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп түсті. Қала сыртына 1 миллион текше метрден астам қар шығарылды. 411,2 шақырымды құрайтын 342 көшеге қардан тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілді.