Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлім болды.
«Маған, ұлттар достығы бұл плакатқа сұранып тұрған нәрсе, сондықтан көркем шығармадан гөрi плакат болып кетпей ме? Онсыз да газет-журналдарда айтып жатырмыз ғой деген ойлар келді»,-деп тоқталған Д. Исабеков, «мен ұзақ ойланып жүрiп, «Бақыт құсы» атты пьесаның нобайын түсiрдiм. Бұнда тағдырлардың тоғысуы қамтылған. Ең әуелi бұл көркем шығарма болуы керек, содан кейiн ғана идея. Идеяны көркем туынды, көркем образдар, тағдырлар арқылы алып шығады. Сонда ғана ол нанымды болады және жүзеге асатын идея деп ойладым да, осы пьесаны жаздым»,-деді.
Осы орайда Дулат Исабеков бұл үшiншi қойылым екенін, пьеса өмiршеңдiк қасиетi бар екендігін дәлелдегенін атап өтті.
«Демек, бiздiң достық туралы идеямыз күн сайын артып келе жатыр. Шығармада талай проблемалар мен өткiр сөздер қамтылды», - дедi жазушы.
Белгілі болғандай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арнайы тапсырыс жасап, бүгінде бір айдан астам уақыт бойы үлкен әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Қойылымның тұсаукесерi 25 сәуiр күнi кешқұрым Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында өтедi.
2015 жылы Қазақстан Ұлттар театры әйгілі жазушы әрі драматург Дулат Исабековтың «Бақыт құсы» пьесасының қойылымына кірісті. Бұл лирикалық драмада ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында мемлекетіміздің бүкіл ұлт өкілдеріне әсер еткен өзекті қоғамдық мәселелер терең, ойлы да кей уақытта күлкілі етіп көрсетілген. Пьеса кейіпкерлері - қоғамымыздың белгілі бір әлеуметтік тобы өмір сүріп жатқан және тағдырының бағына қарай өмір сүруге тура келіп жатқан жерлерін сүйіп, құрметтейтін, отбасыларымен дос болып, қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде бір-біріне қол созуға дайын адамдар.
Пьеса авторы - Дулат Исабеков , көркемдік жетекшісі - Любовь Ни, режиссер - Нұрқанат Жақыпбай.