Сәуірдің соңына дейін тағы 5 облыстың көліктік бақылау бекеттеріне бейнебақылау орнатылады - ҚР ККМ

None
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні бейнебақылау жүйесіне 7 стационарлық көліктік бақылау бекеті қосылған.

Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарында орналасқан 5 бекет бұл жүйеге ағымдағы жылғы сәуір айының аяғына дейін қосылады. Бұл жайында Көлік және коммуникация министрлігінің сайтында айтылған.

Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішевтің айтуына қарағанда, тестілік мақсатта іске қосылған наурыз айынан бергі кезең ішінде бейнебақылау жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді - артық жүк тиегендері үшін тіркеуге алынған автокөліктердің саны арта түсті.

Егер өткен жылғы наурыз айында 7 бекетте бейнебақылау жүйесі орнатылмай тұрғанға дейін артық жүк тиегендері үшін автокөлік құралдарынан алынған алымның көлемі 11 млн. 638 мың. теңгені құраса, 2012 жылдың наурыз айында бұл сома 44 млн. 928 мың теңгені құрады.

Мысалы, «Шақпақ баба» көліктік бақылау бекетінде артық жүк тиегендері үшін алынған алым көлемі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 43 есеге артып, 248 200 теңгенің орнына 11 млн. 457 мың теңгені құрап отыр.

Бейнебақылау жүйесін іске қосу - автожол саласын автоматтандырудың алғашқы кезеңі болып табылады. Автоматтандыру жүйесінің екінші кезеңінде автокөлік құралдарының салмағын қозғалыс барысында өлшеуді енгізу көзделуде.

Бақыт Әбішевтің атап өтуінше, аталған жүйе автокөлік құралдарының толық массасы мен білікке түсетін жүк салмағының мөлшерін қозғалыс барысында өлшеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге сырттай бақылау жүргізу арқылы көліктік бақылау бекеттері қызметкерлерінің тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуына жол беру мүмкіндігін жояды.

«Ағымдағы жылдың соңына дейін 13 өлшеу жүйесін орнату, ал 2013-2014 жылдары республикалық маңызы бар автожолдардың ең қарқынды деген учаскелерінде тағы 70-ке жуық өлшеу жүйесін орнату көзделуде. Бақылау рәсімін автоматтандыру көліктік бақылау бекеттері арқылы өткен автокөлік құралдарын есепке алуды 100 пайызға қамтамасыз етіп,   жолдарда амалсыздан   аялдау уақытын 40 пайызға дейін қысқартады», - деп атап өтті Б.Әбішев.

Айта кетейік,Республика жолдарында білікке түсетін жүк салмағының рұқсат етілетін мөлшері 10 тоннадан асып кетпеуі керек, көктемгі маусымда бұл мөлшер 8 тонна деп бекітілген. Мұндай шектеулер тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, Ресей, Беларусь, Грузия, Түркия, Әзірбайжан және Еуропа елдерінде қолданылады. Қолданыстағы осы шектеулерге қарамастан Қазақстанда 20 тоннаға дейін артық жүк тиеу оқиғалары жиі орын алып отырады.