НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес ресейлік Дмитрий Биволдан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған жекпе-жек АҚШ-тың Невада штатында Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында өткізілді.
Жекпе-жек тартысты өрбіді. Ол 12 раундқа жоспарланған болатын. Бивол азулы қарсыласына лайықты күш көрсете алды. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен ресейлік спортшы жеңіске жетті.
Мексикалық боксшы қазірге дейін 57 жекпе-жек өткізді. Бүгін небәрі екінші мәрте қарсыласына есе жіберіп қойды.
Ал Дмитрий Бивол кәсіпқой бокста 20 кездесуінің барлығында жеңіске жетті.
Ресейлік спортшы 1990 жылы дүниеге келген. 2014 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді.
Айта кетсек, «Канелоның» қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) үшінші жекпе-жегі мексикалық боксшы Биволды жеңген жағдайда жоспарланған болатын.
Еске салсақ, бұдан бұрын боксшы Данияр Елеусінов IBF рейтингісінен шығып қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.