Сауль «Канело» Альварес америкалық Теренс Кроуфордқа есе жіберді

Фото: sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі, 14 қыркүйек күні таңертең бокстың мексикалық жұлдызы Сауль «Канело» Альварес (63-2-2, 39 КО) АҚШ спортшысы Теренс Кроуфордпен (41-0, 31 КО) титулдық жекпе-жегін өткізді.

Онда орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Жекпе-жек он екі раундқа жоспарланған еді. Оның әрқайсысы үш минуттан белгіленген.

Алғашқы минуттан бір-бірінің осал тұсын табуға тырысқан қарсыластар көбірек соққы жұмсауға күш салды. Десе де бірінші раундта олар аса белсенділік таныта қойған жоқ.
Жекпе-жек барысында Теренс Кроуфорд тәжірибелі қарсыласын жеңуге тырысты. Шаршы алаңда ширақ құимылдай білді. Нәтижесінде ол орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атанды. Оған төрешілер жеңгенін қолдап, бірауыздан дауыс берді.

Сауль Альварес соңғы жекпе-жегін 3 мамырда кубалық Уильям Скаллға (23-1, 9 КО) қарсы өткізді. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен (115-113, 116-112, 119-109) жеңіске жетті.

Ал Теренс Кроуфорд 2024 жылдың 3 тамызында соңғы рет өзбекстандық Исраил Мадримовпен (10-2-1, 7 КО) кездескен еді. Бұл жолы төрешілер бірауыздан (115-113, 116-112, 115-113) жеңісті америкалық спортшыға берді.