«Сарыағаш ауданындағы Абай селосында болған жағдайға қатысты бір баланың жасы келіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал басқалардың жастары әлі келмеген (яғни, қылмыстық жауапкершілікке тартатындай кәмелет жасқа толмаған - авт.). Қазір олар бақылауда жүр. Екіншіден, олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді Сәуле Айтпаева Үкіметте өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Балалар омбудсменінің айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылық, тұрмыстағы зорлық, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық ендігәрі болмастай етіп жазалайтындай жазаны әлем әлі ойлап таппаған.
«Олар өздерінің психикасын бұзу арқылы қазірдің өзінде жазаланып отыр. Ең қаһарлы жаза - ол психикалық және эмоциналдық жаза. Бұл өсу-жетілу барысында айқын көрінетіні анық. Біздің Президент балаларымызға махаббатты бере білуіміз керектігін үнемі айтады. Адам баласының қолынан келетін ең үлкен ерлігі - ұнамайтын адамға бой үйретуі. Оларға (балаларға - авт.) осы жай үлкен сабақ болатындай, олар нағыз адам болып кететіндей тәрбиелеу керек», - дейді Сәуле Айтпаева.
«Бала (зардап шеккен - авт.) оқып жатыр. Айтарым: біз бұл мәселені неғұрлым көп айта берсек, келтірілген ауырлықтың жүгін жеңілдете алмаймыз. Сондықтан, қай мектепке, қай сыныпқа барғанын, мұғалімінің кім екенін білсек те, айтпаймыз», - деп түйді балалар обсудсмені.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың наурыз айында Түркістан облысында 7 жасар баланы ұру және зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал осы айдың басында Түркістан облысында кәмелет жасқа толмаған баланың зорлануы туралы іс аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.