Сәуле Досжанованың «Өгей жүрегі» орыс тілінде шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Көрме» орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Eurasian Book Fair-2017» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.

Көрмеге Ресей, Беларусь, Тәжікстан, барлығы 30-ға жуық мемлекет өз өнімдерін әкелді. Көрме аясында таныстырылымдар, тұсаукесерлер, түрлі тақырыпта форумдар өтті.

Шаралардың бірі -  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанованың  «Өгей жүрек» («Мое чужое сердце») кітабының тұсаукесері.  Қазақстан халқы Ассамблеясының жауапты қызметкері Нәзипа Шанаидың жетекшілігінде өткен таныстырылымға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталықтың дәрігерлері, жүрек трасплантациясы жасалған рецепиенттер мен ғалымдар және кітап сүйер оқырмандар жиналды.

Аталған кітап  еліміздің бас кардиологы, Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ  Басқарма төрағасы Пя Юрий Владимировичтің жетекшілігімен жүректі алмастыру операциясының өтуіне 5 жыл толуына орай «Мое чужое сердце» деген атпен «Фолиант» баспасынан шығарылды. Кітап демеушілері - Қазақстандағы корейлер қауымдастығы мен ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары.

2015 жылы осы баспадан «Өгей жүрек» атауымен қазақ тілінде жарық көрген кітапты орыс тілінде сөйлеткен аудармашы - Ғұсман Төлеғұл.

Кітаптың лентасын  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ  Басқарма төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері  Юрий Пя кесіп, оқырмандарына ақ жол тіледі.