Саундтрегін Данэлия Төлешова орындайтын жаңа отбасылық комедия прокатқа шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы қарсаңында режиссер Руслан Акун отбасымен көруге арналған тартымды да қызықты «Оффлайн каникул» атты комедиясын халық назарына ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Astana Film Fund-қа сілтеме жасап.

21 наурызда фильм бір мезгілде Қазақстанның барлық қалаларында прокатқа шығады. Картина Алматы мен Жамбыл облыстарының табиғаты сұлу жерлерінде түсірілген. Фильмнің ресми саундтрегін Украинадағы «Голос. Дiти» жобасының жеңімпазы, «Eurovision Junior» және АҚШ-тағы «The World's Best» байқауының қатысушысы Данэлия Төлешова орындайды.

«Ересек кәсіпқой актерлармен қатар фильмге балалар да түсті. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Бекзат Елеусізов, Еламан Есентаев, Ермұрат Ментаев, Ясмин Нұрмақова, Мағжан Хамит, Камилли Болат, Арлан Нұртаев, Ажар Есенбай ойнады. Лента жарасымды әзілдерге және күлкілі диалогтарға толы. Оны түсіру жолында «Брат или Брак» және «В поисках мамы» атты танымал комедияларды шығарған Жениш Майрамбек уулу, Бакут Осмонканов және Алишер Утев еңбек етті», - делінген хабарламада.

Сюжет өз кәсібін бастау туралы шешімге келген үш достың - студенттердің оқиғасына құрылған. Олар қала балаларына арналған бірегей этнолагерь ашады. Онда келген ұлдар мен қыздар гаджеттермен қош айтысып, өздері үшін бейтаныс әрі жаңа әлемге енеді.

«Бұл - бүкіл отбасыға арналған кино. Қазіргі кезде балаларға арналған сапалы контент тапшы. Балаларға біздің дәстүріміз, мәдениетіміз, ұлттық ойындар, туған елдің тұрмыс салты туралы қызықты нысанда әңгімелейтін фильмдер жоқ. Есесіне шетелдік мультфильмдер, алуан түрлі басқа шетелдік анимация әсіресе YouTube желісінде өте көп», - дейді продюсер Ернар Құрмашев.