«Сауығып шығасыз, әже!»: Атыраулық зейнеткер өзін жігерлендірген дәрігерлерге алғыс айтты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирусқа шалдыққан 74 жастағы зейнеткер «Сауығып шығасыз, әже!» деп жігерлендірген дәрігерлерге алғысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрманғазы ауданында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер Сәуірбай Дәуітов пен Жеміс Жантемірованың жастары 74-те. Олардың бастапқыда дене қызуының көтеріліп, тамаққа тәбеті төмендеген. Ал 23 қаңтардан бастап ентікпе, тамақ және бас ауруы мазалаған.

«Ерлі-зайыпты зейнеткерлерде коронавирус инфекциясының белгілері 31 қаңтарда күшейген. Сол күні жедел-жәрдем бригадасымен Атыраудағы №2 облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер науқастарды жіті тексеруден өткізді. Ерлі-зайыптылардан коронавирус инфекциясына қарсы ПТР зерттеу оң нәтиже көрсетті. Ер адамда өкпесінің 17%, ал әйелде 42% зақымданғаны белгілі болды», - деп мәлім етті аурухананың баспасөз қызметі.

«Екіжақты полисегментарлы пневмония» диагнозы қойылған Жеміс Жантемірова 9 күн жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Қазір ерлі-зайыпты зейнеткерлердің жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.

«Ауруханаға түскен сәттегі қиын жағдайымды айтып, жеткізе алмаймын. Өздігімнен дем алу қиынға түсті. Басым ауырып, дене қызуым 38 градусқа дейін көтерілді. «Сауығып шығасыз, уайымдамаңыз, әже!» деп жылы сөзімен де, хаттамаға сәйкес ем-домымен жанашырлық танытқан дәрігерлердің арқасында аман қалдым. Қауіпті вирусқа шалдыққан адамдарды аман алып қалу үшін күні-түні күресіп жатқан №2 облыстық аурухананың дәрігерлері мен медбикелеріне, басқа да қызметкерлеріне алғысым шексіз!», - дейді Жеміс Жантемірова.