Саябек Сахиев: АЭС қалдықтарын өңдейтін жобамызды Түркия патенттеп алуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Саябек Сахиев қазақстандық ғалымдар АЭС қалдықтарын өңдейтін жобаға түркиялық компания құда түсіп отырғанын мәлім етті.
- Біздің бір жобамыз – ядролық атом электр стансаларынан қалған қалдықтарды өңдеу жобасы. Қазір бұл әлемде тек Франция мен Ресейдің қолынан ғана келеді. Осы технология біздің ғалымдардың да қолынан келеді. Бірақ оған қаржы керек, - деді ол Сенаттағы кездесуде.
Айтуынша, аталған жобаның ең бастапқы кезеңіне ғана 2 млн доллар қажет.
- Оған қазір түркиялық компания 3 млн доллар бөлуге дайын отыр. Бірақ оның өз кедергісі бар. Өйткені ертең патентін өздеріне меншіктеуді талап етеді. Екі ортада бүкіл зерттеулерімізді Түркияға беріп қоюымыз мүмкін, - деді ғалым.
Саябек Сахиев бұл жобаның басқа елдердегі баламасы 140 млн доллар тұратынын атап өтті.
- Тура осы өндірісті жасап беруге Аргентина INVAP деген компаниясы 140 млн доллар сұрап отыр. Ал біз осы технологияны өзіміз ұсына аламыз. Ғылым қорына беріліп отырған 300 млн теңге оған жетпейді, - деді Ядролық физика институтының бас директоры.
Бұған дейін Атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елімізде салынуы мүмкін АЭС-тердің орны туралы пікір білдірген еді.