Саяхатшы иен далада қалай аман қалудың жолдарын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Британ саяхатшысы Эд Стаффорд Discovery Channel арнасындағы бағдарламада далада адасып қалған жағдайда қалай аман қалудың жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяхатшы джунгли ормандарында, шөл жерлерде, адам тұрмайтын аралда, тау мен ормандарда жалғыз тұрып эксперимент жасап келеді.

Discovery Channel каналындағы  «Эд Стаффорд: выживший» бағдарламасында ол жапан далада қалай аман қалудың жолдарын үйретті.

«Ең алдымен туған туысқандарыңызға қайда баратыныңызды айтып қойыңыз. Егер сіз оралмаған жағдайда олар құтқарушы шақыруы керек. Телефоныңызға қажетті құтқару қызметтерінің нөмірлерін сақтап алыңыз», - деді Эд Стаффорд.

Иен далада жолды күн, ай, жұлдыздарға ғана қарап емес, өсімдіктерге қарап та табуға болады.

«Сүт шөп өсімдігі даладағы компас. Оның жапырақтарының жалпақ тұсы батыс пен шығысқа қарап тұрса, жапырақтарының қыры оңтүстік пен солтүстікке қарайды. Ал ірі тастардың оңтүстік жақтағы тұсы үнемі құрғақ болады. Ал суырлар індерінің аузын оңтүстікке қаратып қазады. Егер жақын арада құз, жар болса, солтүстік жағында топырақ құрғақ әрі жарылған болады. Ал оңтүстік жағында ылғалды көк майсалы болады. Бірақ бұл тәсілді тек оңтүстіктен солтүстікке созылған құз жарларға қатысты ғана пайдалануға болады», - деді ол.

Эд Стаффорд саяхат барысында бар азық-түлікті барынша үнемдеуге кеңес береді.

«Үйге қаншалықты барғымыз келсе де мүмкіндіктеріңізді шектеулеріңіз керек. Жолда от жағып демалуды ұмытпаңыз. Жағатын ештеңе болмаса тастардан SOS деген жазып қойыңыздар. Сізді іздеп жатқан адамдар бар болар. Тәжірибе көрсеткендей, қолыңызда түк болмаса да аман шығуға болады.

Табиғат анамыз бай, оның байлығын өз орнында қолдана білген жағдайда мақсатқа жетуге болады», - деді саяхатшы.

«Қорқыныштан құтылу үшін отырып, ойлану керек»,  - дейді ол.

Оның айтуынша, азық іздеген кезде сырын білмейтін шөптер мен жидектерді пайдаланбаған  дұрыс. Сонымен қатар лай суды ішпеген жөн.

«Суды шоқтан өткізіп залалсыздандырып алып ішу керек. Метал заттарды түнімен ашық қойып, бетіне шық тұрғанын күту керек. Иен далада аңшылық қасиет болғаны құбап-құп. Далада жортқан аң сізге ас болады.

Тек қана жидектермен өмір сүру мүмкін емес, аз уақытта асқазанға күш түседі. Жидек таңдағанда да құстар шоқып кеткендерін жеңіздер, құстар жеген болса, адамдарға да залалы жоқ болуы тиіс», - деді Эд Стаффорд.