«Саяқ-3» шахтасындағы оқиға: үшінші шахтердің жағдайы орташа ауыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы «Саяқ-3» шахтасында көмірқышқыл газы шығуы салдарынан зардап шеккен үшінші кеншінің жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.
Дәрігерлер хабарлағандай, «Саяқ-3» шахтасында көмірқышқыл газының шығуы салдарынане зардап шеккен кеншілердің бірі қатты уланған. Қазір ол Балқаш қаласының ауруханасында жатыр.
«Зардап шеккен қызметкер Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасына түсті. Алдын ала диагноз: көміртегі тотығымен қатты улану. Жалпы жағдай интоксикация синдромы салдарынан орташа ауырлық дәрежеде деп бағаланады. Науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақмыс» компаниясына тиесілі «Саяқ-3» шахтасында көміртегі газы шығып, нәтижесінде шахтаның екі қызметкері қаза тапты.
Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрды.