Саялы Сарыағаштың сәулеті артып келеді
Пайдалануға берілген жаңа аллея ішіне орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, көпжылдық шырша ағаштары егілді. Сонымен қатар, 3 дана еліктің шағын сәулеттік нысандары орнатылды, деп хабарлады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
Мұнан бөлек, Сарыағаш қаласына кіре берісте «Гелиос» ЖЖҚ бекетіне дейін трассаның екі бетіне ағаштан көріктендірілген шарбақтар орнатылды. Оған қоса, аудандық бюджеттен 3 млн. теңге қаржы бөлініп «Сарыағаш-Тазалық» МКК-ны тарапынан түнгі жарықтандыру шамдары орнатылып, гүл егетін үлкен вазалар қойылды. Бұл өз кезегінде, қалаға ерекше көрік беріп тұр.
«Шымкент-Жетісай» автожолы бойынан өтетін қала аумағындағы жарқабақтарды ретке келтіру мақсатында аудандық бюджеттен 13,7 млн. теңге қаржы бөлініп жеңіл конструкциялы қабырғалар көтеріліп, «Ағайыны аралас, жер төресі - Сарыағаш» атты сөз жазылды. Сонымен қатар, жарнама ілетін құрылғы орнатылып, түнде жарық беретін шамдар ілінді. Қаланың көше бойларына көп жылдық раушан гүлдері егілді.