Саян-Шушенск су-электр стансасында лаңкестік әрекет жасалғаны туралы долбар расталған жоқ

АСТАНА.  Тамыздың  18-і.  ҚазАқпарат   - Тергеу  Саян-Шушенск су-электр стансысындағы   апатқа лаңкестік әрекеттің себеп  болғанын   растайтын     ешнәрсе  тапқан жоқ.

 РФ  Прокуратурасы  жанындағы    Тергеу комитетінің     бұқаралық ақпарат құралдармен байланыс   басқармасынан   хабарлағанындай,   Ресей  Федералдық   қауіпсіздік  қызметінің     мамандары  апат орнында ешқандай жарылғыштың    ізін тапқан  жоқ.  Сот-медициналық  сараптама  тағайындалып,      басқа да қажетті  сот сараптамаларын   белгілеу  туралы мәселе  шешілуде.   Қылмыстық  іс  аясында   оқиға  орны тексеріліп,     генераторлық турбинаның  темір  сынықтары  мен    бөлшектері, бейнебақылаудың  4 тіркегіші,     кезекшілік   бастығының   журналы тәркіленді.

 Істің   мән-жайын   анықтау  үшін    құрамына   Тергеу комитетінің     12 тергеушісі мен    криминалистері кірген тергеу  тобы   құрылып  отыр.

 Естеріңізге сала  кетейік,  дүйсенбі күні мәскеу уақыты  бойынша сағат  04.15-те    қатты соққының салдарынан  (алдын-ала  пайымдау  бойынша,  гидросоққыдан немесе   май  трансформаторының  жарылуынан)  Саян-Шушенск   ГЭС-інің   екі  гидроагрегаты тас-талқан болды      және    машина залының     ғимараты  жартылай  қирады.  Сондай-ақ  7-інші және 9-ыншы агрегаттар    қатты зақымданған,   ал 3-інші, 4-інші  және 5-інші   агрегаттар     машина залы  ғимаратының  металл-конструкциялық    жабындарымен  басып   қалынған.

 РФ Төтенше жағдайлар  министрлігі  Сібір  аймақтық орталығының  мәліметтері  бойынша,    апат  салдарынан    12  адам қаза   болған,  15  адам жарақат  алған,     50-ден  астам  адам  - із-түзсіз жоғалғандар  санатында       (басқа мәліметтер бойынша,  14 адам жараланған,   64 адам  із-түзсіз жоғалған). Апаттық  факті  бойынша РФ Қылмыстық кодексінің 143-ші бабына сәйкес (еңбекті  қорғау ережелерін  бұзу)   қылмыстық іс қозғалды.