Саясат Нұрбек Алматыдағы жасөспірімнің өліміне қатысты: субұрқақтан ақау жоқ

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласында субұрқақ маңында болған жас жігіттің өліміне қатысты пікір білдірді.

«Сот-медициналық сараптамасының ресми қорытындысын күтіп отырмыз. Бұны Алматы қаласының Бостандық аудандық Полиция басқармасы қарап жатыр. Біз бұл мәселені ұмытқан жоқпыз, сараптама нәтижесін күтуге мәжбүрміз, ресми түрде ақпарат береміз», - деп жауап берді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, қазір субұрқақ штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Техникалық жағынан тағы да тексердік, субұрқақтан ақау жоқ. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін тиісті шешім қабылданады», - дейді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, биыл 19 маусымда Алматыда Әл-Фараби атындағы атындағы ҚазҰУ аумағындағы субұрқақ маңында жас жігіт қайтыс болды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған еді.

Алматы қаласының Полиция департаменті бұл факт бойынша тергеу басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.