Саясат Нұрбек: Алтын Орда бүгініміз бен болашағымыздың маңызды бөлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Алтын Орда жаһандық сауданың алғашқы негізін қалыптастырды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— ЮНЕСКО-ның қолдауымен өтіп отырған бұл симпозиумға 20 елден 350-ден астам ғалым қатысуда. Біз Алтын Орданы зерттеп жүрген негізгі ғалымдарды, тарихшылар мен сарапшыларды барынша толық жинауға талпындық. Алтын Орда туралы үздік әрі терең ойлардың бірі тарихшы әрі жазушы Джек Уэзерфордқа тиесілі: «Әлемді ат үстінде жаулап алу оңай. Ең қиыны аттан түсіп, мемлекетті басқару». Уэзерфордтың бұл пікірі Алтын Орданың шынайы тарихи жетістігін айқындайды, — деді министр.

Оның айтуынша, мұндай әскери жаулап алу бірнеше ғасыр бойы Еуразия даласындағы ұланғайыр әрі көпэтносты аумақты тиімді басқаруға мен мемлекет құруға алып келді.

— Алтын Орда сауда мен мәдениетке жаңа серпін беріп, Шығыс пен Батыс арасындағы тауарлар мен идеялар алмасуын жеңілдетті. Жаһандық сауданың алғашқы негізін қалыптастырып, мәдениетаралық өзара ықпалдастықтың терең дамуына түрткі болды. Алтын Орда тек біздің өткеніміз ғана емес. Ол — біздің бүгініміз бен болашағымыздың маңызды бөлігі, — деді Саясат Нұрбек.

Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың қаңтар айында Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылатынын, іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылатынын айтқан еді.