Саясат Нұрбек ЖОО-ларда психологиялық қызметтер неге күшейтілгенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында студенттер арасында суицидке жол бермеу іс-шараларына түсінік берді.
Бүгін Мәжілістегі парламенттік тыңдаудан кейін тілшілер министрден Назарбаев Университетіндегі студенттердің суицидіне қатысты істің мән-жайын сұрады.
— Бізде екі нақты жағдай болды. Үлкен трагедия. Полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігі әзірге түпкілікті қорытынды берген жоқ. Алдын ала дерек бойынша отбасына қатысты мәселелер болған. Сонымен қатар, жастар арасында жауапсыз махаббат сияқты факторлар байқалып жатады, жеке келіспей жатады. Жалпы, бұл бағытта не істеліп жатыр? Біріншіден, біз тек Назарбаев Университетінде ғана емес, басқа да жоғары оқу орындарында психологиялық қызметті күшейттік. Осы мақсатта арнайы шешімдер қабылдап, бюджетті ұлғайтып, штаттық жұмыс орындарын құрып жатырмыз. Екіншіден, қазір бұл жұмысқа өте ауқымды әдістемелік шолу жасалды, — деді С. Нұрбек.
Оның айтуынша, қазір Еуропа одағының жобасы аясында үлкен әдістемемен жұмыс жалғасып отыр. Бұл әдістеме суицидтік жағдайды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба бойынша осы бағыттағы сынақтар Назарбаев Университетінде қамтылды.
— Енді оны басқа университеттерге таратқымыз келеді. Психологтар арнайы оқудан өтеді, — деді министр.
Еске салсақ, биыл маусым айында Назарбаев университетінде студент өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.