Саясаткерге жасалған қастандық: Дональд Трамп Чарли Кирктің қаза тапқанын хабарлады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тағы Юта штатында сөз сөйлеп тұрған сәтінде оққа ұшқан саясаткер әрі Трамптың жақтасы Чарли Кирк қаза тапты. Бұл туралы президент Дональд Трамп мәлімдеді, деп жазды BBC.
Еске сала кетейік, Чарли Киркке Utah Valley университетінің кампусында қастандық жасалған болатын. Ол мойнынан жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында былай деп жазды: «Ұлы әрі аңызға айналған Чарли Кирк енді жоқ. АҚШ-та жастарды одан артық түсініп, қолдаған жан болған емес. Оны барлығы жақсы көрді, оған тәнті болды, әсіресе мен. Енді ол арамызда жоқ. Мелания екеуміз жұбайы Эрикаға және отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Чарли, біз сені жақсы көреміз!».
31 жастағы Чарли Кирк – танымал подкаст жүргізуші әрі Дональд Трамптың белсенді қолдаушысы еді. Ол мектептер мен университеттерде консервативтік құндылықтарды насихаттау мақсатында Turning Point USA студенттік қозғалысын құрған.
Ақпараттарға сәйкес, Киркке шамамен 200 метр қашықтықтан оқ атылған. Алдымен жергілікті билік күдіктінің ұсталғанын хабарлағанымен, кейіннен оқ атқан адамның қолға түспегені белгілі болды.