Саясаттағы жаңа серпін: Цифрландыру жаһандық дипломатияға қалай әсер етті

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Өңірлік интеграцияны зерттеу институтының бастамасымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келген сарапшылардың қатысуымен ауқымды форум өтті. Жиынның басты бөлігі «Киберқауіпсіздік, цифрлық егемендік және ШЫҰ өңірлік қауіпсіздік жүйесіндегі стратегиялық тұрақтылық» тақырыбына арналған болатын. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы басқосуда қандай ойлар айтылғанын тыңдады.

Жаһандық саясаттағы өзгеше құбылыс

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиев қазір цифрландыру халықаралық қатынастарда жаңа құбылыс ретінде қарастылып жатқан мәселе екенін алға тартты. Сонымен қатар әлемде цифрлық дипломатияны елдердің сыртқы саясатында қолданудың жаңашылдығы да талқыланып жатыр.

Фото: Kazinform

 

– Қазақстанның мемлекеттік мекемелері жаһандық интернет жүйесінде жылдам әрекет етуде. Министрліктер мен ведомстволардың, осыған ұқсас ұйымдардың көпшілігі әлеуметтік желіде белсенді. Сыртқы істер министрлігі де сыртқы саясаттағы оқиғалар туралы ақпаратты тарату үшін Facebook, X, Instagram секілді әлеуметтік желілерді пайдаланады. Тіпті, арнайы мобильді қосымшалар да жасап шығарды. Мысалы, шетелге шығатын азаматтар үшін белсенді қолданылатын Smart Travel Qazaqstan бар.

Бұдан бөлек, Қазақстан – географиясы, тарихы және қазіргі саясаты арқылы ерекшеленетін мемлекет. Өз уақытында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, елдегі цифрландыру процесіне алғашқы заңнамалық негіздер қалыптастырды. Бұл бағдарлама бес негізгі бағытты қамтыды: экономиканың салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын жүзеге асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру, – деді М.Шәкірұлы

Сарапшы осы тұста әлемдегі ірі елдердің басшылары да әлеуметтік желіде белсенді екенін атап, оны мемлекеттің сыртқы саясатындағы «жұмсақ күштің» өзіндік бір түрі ретінде бағалады. Әсіресе, цифрлық саясат – АҚШ, Канада, Ресей, Жапония, Франция, Иран секілді елдердің сыртқы саясатында кеңінен қолданылып отыр. Орталық Азия да бұл үдерістен шет қалған жоқ, бұл аймақ та цифрлық процестерге белсенді араласа бастады.

– Қазақстанда 2002 жылы дипломатиялық қызмет туралы заң қабылданды. Сол кездің өзінде сыртқы саясат қызметі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жүргізілетіні туралы айтылған. Яғни, 24 жыл бұрын-ақ цифрлық дипломатияға бет бұрған едік.

Қазір көптеген елдер цифрлық технологияларды сыртқы саясат құралы ретінде қолдануға ерекше мән беріп отыр. Интернет, әлеуметтік желілер, медиа, жаңа ақпараттық арналар – мемлекеттердің сыртқы саясаттағы мақсаттарын жүзеге асыруға арналған басты құралға айналды, – деп толықтырды сарапшы.

Жаһандық саясатта ресми пікір айту, халықаралық оқиғаларға реакция білдіру, дипломатиялық байланыс орнату маңызды үдерістер цифрландырудың арқасында жылдам әрі ыңғайлы бола түсті. Яғни, бұрын дипломатия жабық сала болып саналса, ақпараттық қоғамның дамуының арқасында қазір қарапайым азаматтар үшін ашық бола бастады. Ғылыми-техникалық прогресс ақпараттық жүйелердің дамуын жеделдетіп, қоғамның байланыс қажеттілігін арттырып отыр.

– Цифрлық формат дипломатиялық мекемелер мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды ашық әрі жариялы етіп отыр. Бір жағынан бұл – пайдалы, екінші жағынан – белгілі бір деңгейде сақтықты қажет етеді. Цифрлық дипломатияның «тұтқыны» болып отырмыз деуге де болады. Әр ел өз цифрлық алаңын ұсынады: Zoom – америкалық, Қытайдың өз платформасы бар, Үндістанның да өз ұсыныстары бар. Бұл платформаларды қолдана отырып, біз олардың сыртқы қадағалау мүмкіндігін де ескеруіміз керек. Пандемиядан кейінгі кезеңде біз ең дұрыс шешім – бетпе-бет кездесу өткізу екенін ұқтық – деп Манарбек Қабазиев маңызды дүниеге назар аудартты.

«Цифрландыру дипломаттарға талапты күшейтеді»

Қытай мен Ресей арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі Бас хатшының орынбасары, Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия институтының бас ғылыми қызметкері Сюй Чанжидың пікірінше, цифрлық дипломатия – халықаралық сөз үшін күрес сипатында. Күн сайын жаңа тақырыптар, жаңа ережелер, жаңа сын-қатерлер пайда болуда.

Фото: Сюй Чанжи

 

– Біз цифрлық дипломатияны тек цифрлық құралдар мен дәстүрлі дипломатияның қосындысы емес, дипломатиялық құралдар, модельдер мен стратегиялардың көп деңгейлі трансформациясы деп есептейміз. Ол халықаралық қатынастар эволюциясында барған сайын маңызды рөл атқарып жатыр.

Әлем елдерінің технологиялық құралдар мен цифрлық платформаларға бағытталған ұмтылысы күшейді. Бұл тұрғыда мен үш негізгі тармаққа тоқталғым келеді. Оның біріншісі: цифрлық дипломатияның басты ерекшеліктері. Оны да бірнеше тармаққа жіктесек болады.

Ең алдымен, цифрлық технологиялардың қолжетімділігі дәстүрлі дипломатияны шектеп жатыр. Екіншіден, цифрлық ықпал күшейді. Қазір цифрлық дипломатияның өзі жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Машиналық оқыту мен үлкен деректерді кең көлемде қолдану – оның басты технологиялық ерекшелігі. Үшіншіден, цифрлық дипломатия - құр монолог емес, идеалды диалог. Қоғам тек ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны белсенді түрде талқылап, өңдеп, таратады, – дейді қытайлық сарапшы.

Сюй Чанжидың айтуынша, екінші мәселе ретінде цифрлық дипломатияның идеологиялық тұрғыда ықпал ету үшін бәсекелестікке әсер етіп жатқанын айтуға болады. Қазір дамыған және дамушы елдер арасындағы технологиялық алшақтық ұлғайып кеткен. Кейбір дамыған елдер дамушы мемлекеттердің кәсіпорындарына технологиялық тосқауылдар қойып, мұны ұлттық қауіпсіздікпен ақтап, цифрлық инновациялар саласындағы үстемдігін сақтауға тырысып жатыр.

Бұған қоса, жалған ақпарат пен дезинформация қаупі де артып жатыр. Almond секілді платформаларды қарқынды пайдалану арқылы жалған ақпарат тез таралып, қоғамдық сананы манипуляциялау ықтималдығы өскен. Бұл әрісі бюджетке де салмақ түсіретін факторға айналуда.

– Енді «цифрлық дипломатияның сын-қатерлеріне қалай қарсы тұрамыз?» деген сауал туындайды. Ең алдымен жаңа нормативтік негіздерді әзірлеуге мәжбүрміз. Дәстүрлі дипломатияда қалыптасқан нормаларға қарағанда, цифрлық дипломатияның құқықтық базасы әлі жетілмеген. Мәселен, дипломатиялық мекемелердің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары халықаралық құқықпен қорғалатын дипломатиялық активтер ретінде қарастырыла ма деген мәселе әлі шешілмеген. Сондықтан цифрлық активтерге арнайы дипломатиялық мәртебе беру мәселесін көтеру қажет, – деді Сюй Чанжи.

Сарапшы цифрлық платформаларда бөгде күштердің араласуы, жалған ақпарат тарату, қоғамдық санаға әсер ету жағдайлары көбейіп келе жатқанына баса назар аударды. Сонымен қатар цифрлық технологиялар дипломатиялық шешім қабылдауды жылдамдатуға итермелейді. Яғни, дипломаттарға талап күшейіп, кәсіби даярлықтың жаңа стандартына көшіреді.

Қытайлық маман сөзін қорытындылай келе, дипломатияны цифрлық және дәстүрлі деп бөліп қарауға болмайтынын, цифрлық дипломатия дәстүрлі тәсілдерді алмастырмайды, керісінше, оны толықтыратынын жеткізді.

«Мемлекеттер шекарасын кодтар қорғап тұр»

Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аймақтану кафедрасының аға оқытушысы Диана Таирова «21 ғасырда мемлекеттер шекарасын қабырғалар емес, кодтар қорғайды» деген тосын пікірін айтты. Сарапшының ойынша, өз цифрлық кеңістігін бақылай алмаған елдер жақын арада шын жағдайды бақылау мүмкіндігінен де айырылады. Себебі қазір ақпарат тек ресурс емес, қару мен валютаға айналып отыр.

Фото: Диана Таирова

 

– Цифрлық дипломатия – жай ғана тренд емес, қажеттілік. Мен осы тұста Иранның цифрлық дипломатия стратегиясына байланысты кейбір ойларды бөліскім келеді. Бұл ел ақпараттық егемендіктің тәуелсіз моделін қалыптастырып, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жаңа деңгейге көтерілді.

Кейінгі 10 жылда Иран цифрлық егемендіктің бірегей архитектурасын құрды, яғни, ұлттық ақпараттық жүйе. Оның мақсаты – ел ғаламтордан ажыратылып қалса да, мемлекеттік және коммерциялық онлайн-сервистерге үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл – болжам емес, реалистік дайындық. Ақпараттық жүйе миллиондаған пайдаланушыны ішкі платформалармен, сервистермен қамтамасыз етеді және Google Cloud немесе AWS-ке тәуелді емес, автономды түрде жұмыс істейді, – дейді маман.

Оқытушының айтуынша, Иранның цифрлық дипломатиясы тек технология емес, құндылықтар жайлы болып тұр. Әлеуметтік желілер, мультимедиялық жобалар, ағылшын, араб және орыс тілдеріндегі платформалар арқылы Иран өзінің мәдени әрі идеологиялық ұстанымын жеткізіп отыр. Бұл дипломатия тұлғалық болмысты қорғауға, ақпараттық қысымға қарсы тұруға негізделген.

2023 жылдан бастап Иран ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі атанды. Осылайша цифрлық серіктестікті кеңейтуге арналған стратегиялық мүмкіндік алды. 2024 жылғы Digital Almaty форумында Иранның байланыс министрі Сазире Кура Қытайдан Еуропаға өтетін трансұлттық цифрлық дәліз құру, Иран аумағында дата-орталықтар орналастыру, сондай-ақ жасанды интеллект, 5G, IoT және электронды логистика салаларындағы бірлескен жобалар туралы таныстырды. Ал ШЫҰ өз кезегінде оқшаулау және қысым жағдайында тұрақты цифрлық жүйе құру тәжірибесі бар сенімді серіктеске ие болды.

– Иран - цифрлық егемендіктің теориялық моделін ғана емес, оны күн сайын іс жүзінде қорғайтын мемлекет. Кейінгі бірнеше айда өңірдегі шиеленіс жағдайында Иран энергетика, министрліктер мен көлік жүйелеріне бағытталған бір миллионнан астам сыртқы кибершабуылдың жолын кескен.

Бұл ел санкцияларды жасырмайды. Технологиялық оқшаулану мен жаһандық платформаларға қолы жетпеу – үлкен сын. Бірақ дәл осы сын-қатерлер Иранның цифрлық дипломатия моделін икемді, тұрақты етті. Қазір Иранда өз платформалары, жеке мессенджерлері, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласында оқытылған он мыңдаған маман бар, – деп топшылады Диана Таирова.