Оның пайымынша, Қарағандыдағы көмір өндіру кәсіпорындарында апаттың жоғары деңгейінің негізгі проблемасы – шахталық әдіс. Көмір қоры ол жерде өте тереңде жатыр. Сондықтан өндіріс тұрақты түрде кеніштерді тереңдету мен кеңейтуді талап етеді, бұл өз кезегінде қауіп факторы. Екібастұзда кен өндіру карьерлерде ашық әдіспен жүзеге асырылады.
«1995-1996 жылдары «Қарағандыкөмір» және «Екібастұзкөмір» бірлестіктерін жекешелендіру кезінде кәсіпорындар бөлініп, бөлек сатылып, кейіннен Павлодар облысында біраз дау болды. Қарағанды облысында Митталға 15 шахта сатылды, оның көмірі Қарметте құрыш құюға қажет болды (қазір 8 шахта жұмыс істеп тұр). Жекешелендіру кезінде құрылыс-жөндеу инфрақұрылымы мен қосалқы кәсіпорындар бөлініп, ғылыми орталық мемлекет қолында қалып, кейіннен таратылды», - деп жазды Данияр Әшімбаев.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, Миттал бірқатар себепке байланысты Қазақстандағы нашар инвесторлардың бірі атанды. Шахталар айтарлықтай табыс әкеліп жатса да, ондағы апат деңгейі жоғары.
«Комбинаттың технологиялық жағдайы мен экологиялық тәуекелі жайында үнемі қызу пікірталас жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болғанын айтты», - деді Д. Әшімбаев.
Оның айтуынша, металлургия өнеркәсібіндегі меншік иелерін ауыстыру жөнінде мемлекет бірнеше рет бастама көтерді, бірақ мәселе талқылаудан әрі аспады. Мұның екі себебі бар. Біріншіден, стратегияны таңдау: мемлекет меншігіне қайтару немесе қайта сату керек болды. Екіншіден, Стати сияқты ұзақ мерзімге созылған сот процесіне тап болу қаупі байқалды.
«Енді бірқатар ірі апаттардан кейін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қайтадан шешіліп жатыр. Бірақ мәселе әлі де өзекті. Себебі технологиясы техногендік қауіп төндіретін Қарағанды шахталарында көмір өндіруді одан әрі қалай дамытуға болады?», - деді саясаттанушы.
Айта кетейік, 28 қазанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мемлекет меншігіне қайтарылатыны хабарланды.