Оның сөзінше, екі елдің басшылары бұл сұхбаттарда арадағы алыс-беріс пен барыс келістің санжылдық қорытындыларын өз мемлекеттерінің мүддесі тұрғысынан таразылаған.
«Материалдардан даулы немесе екіұшты мағына беретін уәждер мен қорытындыларды байқамадым. Бұл Ресей Федерациясының сапарына ақпараттық дайындық сияқты көрінеді. Сол ақпараттық дайындық ретінде сұхбат форматын таңдап алса керек. Бұған дейін президенттердің авторлығымен мәтін күйіндегі материалдар жарияланған сәттер болған. Ақпараттық дайындықтың түрлі тәсілі бар. Ондай материалдар ресми сапарлар қарсаңында ғана емес, маңызды оқиғалар алдында да жазылып жатады», - дейді Эдуард Полетаев.
Саясаттанушы бұл сөзіне дәлел ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр америкалық журналдарда жарияланған материалдарын еске салды. Ол мақаланың бірі қыркүйек айында өткен діндер съезіне, екіншісі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған еді.
«Екі президенттің сұхбаты екі негізгі аудиторияға бағытталған. Бірінші кезекте бұл екі елдің ішкі аудиториясына – азаматтар мен саясаткерлерге, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-қа арналған. Екінші аудитория – сырттағы жұрт. Өйткені, әлемде турбуленттілік артқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшыларының арасындағы өзара байланыс туралы түрлі жорамал, болжамдар көп», - дейді сарапшы.
Эдуарт Полетаев екі сұхбатта да Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға жеткізу жобасына мән берілгенін айтады.
«Кейінгі кезде орыс дипломатиясы Орталық-Азияға бет бұра бастады. В. Путиннің сұхбатында Ресей-Орталық Азия форматындағы саммит туралы сұрақ қойылған. Оның жауабында бұл форматтың Ресей үшін маңызы, негізгі мазмұны қамтылған. Ресей мен Қазақстан екі бөлек мемлекет болғанымен ортақ мәселелері көп. Ресейде 60 мыңдай қазақстандық студент оқып жатыр. Мұнай-газ саласындағы байланыстар, инвестициялар, транзит мәселесі, орыс тілінің ықпалы мен мәдени байланыстар сұхбатта сөз болған. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы туралы айтылған», - дейді саясаттанушы.