Саясаттанушы Елбасының мәлімдемесі туралы: Адам капиталын дамыту баса айтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Нұр Отан» партиясының саяси сараптама және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия  Кучинская Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты мәлімдемесіне  өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдауда адам капиталын дамуытуға баса назар аударылып отыр, бұл өте маңызды. Себебі, адам капиталын дамытатын ресурстар болмаса, жаңғырту туралы айтудың өзі қиын. Басты ресурстар - денсаулық сақтау және білім беру салалары, дәл осы бағыттарға қаражат бөліп, көбірек назар аударған жөн», - дейді Ю.Кучинская.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысының биылғы жолдауы өткен жылғы жолдаумен үндес.

«Президент өткен жылғы «Қазақстанның жаңғыруы және техникалық революция жағдайындағы дамуы» Жолдауындағы идеяны жалғастырып келеді. Биылғы Жолдауда Президент әлемдік тарихтан тыс қалмай, өз дамуымызда серпіліс жасау үшін назарға алынуы тиіс аса маңызды жайттарға көңіл аударды», - деп атап өтті Кучинская.

Сондай-ақ, орталық директоры Президенттің тұтас экономикалық секторды цифрландыруға дер кезінде зейін аударғанын баса айтты.

 «Мемлекет басшысы әр бөлімде мемлекеттік қызметтің ғана емес, экономиканың да цифрландырылуы қажеттігін жеткізді.  Бір қызығы, «Цифрлық Қазақстан» туралы айтқанда, тұтас экономиканың емес, басқару саласындағы цифрлық технологиялар ғана айтылады», - дейді Ю. Кучинская.