Саясаттанушы қазіргі заманғы терроризмге анықтама берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет жөніндегі зерттеулер нәтижесі туралы баяндаған саясаттанушы Ерлан Қарин қазіргі заманғы терроризмге анықтама берді.

«Қазіргі уақытта террористік ұйымдардың құрылымы бұрынғыдай вертикальды құрылым болудан қалды. Бұлар желілік принциппен құрылған, орталықтандырылмаған, орталық басқару жүйесі жоқ, бытыраңқы деңгейдегі ұйым. Әрбір топ дербес формада қызмет етеді. Жалпы, қазіргі заманғы терроризм туралы айтатын болсақ, бұл - алуан түрлі криминалдық қызметпен айналысатын топтардың корпорациясы», - дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуына қарағанда, террористік ұйымдарды әртүрлі криминалдық қызметпен (мәселен есірткі саудасымен, адам саудасымен, қару-жарақ сату және т.б) айналысатын, осы қызметтің барлық саласын қамтитын үлкен корпорация деп атауға болады.

«Барлық террористік ұйымдарды басқаратын бірыңғай орталық жөніндегі пайымдау бұл - қате тұжырым. Ондай орталық та, жүйе де жоқ. Әрбір өңірдегі террористік ұйымдар өз бетімен, дербес қызмет етіп келеді», - деді саясаттанушы.